09
октябрь
2020
Арманыма жетелеген жетістік.
2020 жылдың басында Нұрсұлтан Назарбаев Қоры және Елбасы Академиясы «Мың бала» ауыл мектептеріне арналған бірінші Ұлттық олимпиадасының өтетінін естіп қуанып қалдым. Біз сияқты ауыл балаларына мұндай қолдау таптырмас мүмкіндік емес пе?!
Бекер қуанбаппын. Мен де бағымды сынап көргім келді. Бірінші кезеңге қатыстық, нәтижесі ұзақ күттірмеді. Сүйінші хабар! Екінші кезеңіне өтіппін. Енді дайындалу керек, маған берілген мүмкіндік деп шештім.
Бүкіләлемдік пандемияға байланысты елімізде карантин болып, екінші кезеңі сәл кешігіп өтті. Оның өзі маған дайындалуға септігін тигізді. Көптен күткен екінші кезеңі де жетті. Барлық бала үлкен мектепке қарап (НИШ) таң-тамаша болып, армандап кеттік. Біз де осындай мектепте оқысақ қой, шіркін! Сол арманға жетуге бір-ақ қадам тұр алдымызда. Мен де осындай мектепте оқимын деп өз-өзімді қамшылап қойдым. Қобалжуымды басып, маған әрдайым сенімділік силайтын анам бар, мектебімдегі ұстаздарымның берген білімі бар. Не керек, бар күш-жігерімді жинап ''додаға" кірдім де кеттім.
Тапсырмалар аса қиын болмаса да, логика мен терең білімді талап етеді екен. Ол жердегі ағайлар мен апайлардың жылы жүздері асықпай, ойланып жауап беруге еш кедергі болмады. Барлығы өз ойымдағыдай өтті. Олимпиада тапсырмаларын орындап болған соң бізге сусын мен тәттілер беріп қуантып тастады. Ауылға көтеріңкі көңіл күймен қайттық.
Екі апта күткен нәтижеміз де шықты. Сүйінші хабарды естісем де сеніңкіремей жеңімпаздар тізімінен өз аты-жөнімді іздедім. Алақай! Мен енді дарынды балалар оқитын әдемі мектептерде оқи аламын! Рахмет! Осындай мүмкіндік беріп отырған «Мың бала» олимпиадасының ұйымдастырушыларына, мені бәйгеге баптап қосқан №122 орта мектептегі ұстаздарыма үлкен рахмет айтамын!
Слам Сандуғаш Дарханқызы
N10 Білім Иновация мектебінің 7- сынып оқушысы